Қазақстандағы жеке сот орындаушысы: байланыс ақпараты және қызметтер үшін тарифтер Баспаға шығару нұсқасы
Cоңғы өзгеріс: 28.11.2025Пайдалы сілтемелер:
Жеке сот орындаушысы – атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі қызметпен айналысу құқығына уәкілетті орган берген лицензия негізінде, заңды тұлға құрмай атқарушылық құжаттарды орындау бойынша жеке практикамен айналысатын Қазақстан Республикасының азаматы.
Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу мөлшерлері
Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2023 жылғы 27 маусымдағы № 416 бұйрығына сәйкес атқарушылық іс жүргізу шеңберінде істің санатына байланысты төленетін жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу сомасы мынадай мөлшерде белгіленеді:
1. Мүліктік (ақшалай) сипаттағы атқарушылық құжаттар үшін мынадай сомалар бойынша:
-
60 АЕК-ке дейін болса - өндіріп алу сомасының 25 пайызы мөлшерінде;
-
60 АЕК-тен 300 АЕК-ке дейін болса - өндіріп алу сомасының 20 пайызы мөлшерінде;
-
300 АЕК-тен 1000 АЕК-ке дейін болса - өндіріп алу сомасының 15 пайызы мөлшерінде;
-
1 000 АЕК-тен 5 000 АЕК-ке дейін болса - өндіріп алу сомасының 10 пайызы мөлшерінде;
-
5 000 АЕК-тен 10 000 АЕК-ке дейін болса - өндіріп алу сомасының 8 пайызы мөлшерінде;
-
10 000 АЕК-тен 20 000 АЕК-ке дейін болса - өндіріп алу сомасының 5 пайызы мөлшерінде;
-
20 000 АЕК-тен жоғары болса - өндіріп алу сомасының 3 пайызы мөлшерінде.
-
Мүліктік емес (ақшалай емес) сипаттағы атқарушылық құжаттар үшін:
-
шығару және (немесе) үйге орналастыру, борышкерді белгілі бір әрекеттер жасауға және (немесе) оларды жасаудан тартынуға міндеттеу туралы атқарушылық құжаттар бойынша - жеке тұлғалардан 50 АЕК, заңды тұлғалардан 100 АЕК;
-
талап қоюды қамтамасыз ету, мүлікті тыйым салудан босату және өзге атқарушылық құжаттар бойынша – жеке тұлғалардан 10 АЕК, заңды тұлғалардан 20 АЕК;
-
баламен қарым-қатынас жасау тәртібі туралы – жеке тұлғалардан ай сайын 20 АЕК мөлшерінде.
-
Мерзімді төлемдерді өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттар үшін:
-
алименттерді өндіріп алу және жарақаттанудан немесе денсаулықты өзге де зақымдаудан келтірілген зиянды өтеу туралы, өндіріп алу сомасының 1 АЕК мөлшерінде тоқсан сайын.
Пайда болған берешекті өндіріп алу кезінде жеке сот орындаушының қызметіне ақы төлеу осы жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу мөлшерлерінің 1) тармақшасына сәйкес жүзеге асырылады.
Ескертпе: өндіріп алу сомасы - атқарушылық құжатта көрсетілген ақшалай талаптың не өндіріп алушы мәжбүрлеп орындатуға ұсынған ақшалай талаптың бір бөлігінің мөлшері.
Егер мүліктік сипаттағы атқарушылық құжат ішінара орындалса, онда жеке сот орындаушысына оның қызмет ақысының өндіріп алынған сомаға немесе мүлік құнына пропорционалды бір бөлігі ғана төленеді.
Баламен қарым-қатынас жасау тәртібі туралы атқарушылық құжаттар бойынша жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу өндіріп алушы мен борышкерге тең үлестермен жүктеледі.
Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу сомасын қамтамасыз ету шараларын қолдану туралы өтініш жасаған тараптан өндіріп алынады. Талап қоюды қамтамасыз етудің күшін жою туралы атқарушылық құжат бойынша жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу қамтамасыз ету шараларын қолдану туралы өтінішті мәлімдеген және талап қоюдан бас тартылған тұлғадан өндіріп алынады. Талап қанағаттандырылған жағдайда жеке сот орындаушысының талап қоюды қамтамасыз етудің күшін жою туралы атқарушылық құжат бойынша қызметіне ақы төлеу өзіне қатысты қамтамасыз ету шаралары қабылданған тұлғадан өндіріп алынады.
Жеке сот орындаушыларының өзекті байланыс деректері АІЖО ААЖ сайтында қолжетімді.



